Қазақстандық маман Андрей Карпович «Елімайдың» бас бапкері болып тағайындалды. Бұл жөнінде семейлік клубтың баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Prosports.kz тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Елімай» футбол клубы Андрей Владимирович Карповичпен келісімшарт жасасқанын ресми хабарлайды.

Андрей Карпович - «Елімайдың» түлегі. Ол 1998-2000 жылдары семейлік клубтың намысын қорғап, ел чемпионы атанды.

Одан бұрын ол «Қайратта» бас бапкердің міндетін атқарушы, «Оқжетпес» пен «Қызылжарда» бас бапкер болды.

Сондай-ақ, 2022 жылы ел құрамасының Молдоваға қарсы екі ойынында бас бапкер міндетін атқарды.

Андрей Карпович футболшылық мансабында 1998-2016 жылдар аралығында еліміздің бірқатар клубы мен Ресейдің «Ростов», «Динамо» командаларының жейдесін киді.

Еске салсақ, ол жақында «Ақтөбе» командасының бас бапкері қызметінен кетті.

Ол 2022 жылдан бері ақтөбелік клубтың тізгінін ұстаған еді.