«Әл-Наср» шабуылшысы Криштиану Роналду АФК Чемпиондар лигасы аясында катарлық «Әл-Духайл» командасына қарсы ойынға қатыспайтын болды, деп хабарлайды Prosports.kz.

Сауд Арабиясы клубының бас бапкері Луиш Каштру бұл ақпаратқа пікір білдірді:

«Криштиану Роналду «Әл-Духайлге» қарсы матчта алаңға шықпайды, себебі ол матч санының көптігіне байланысты шаршады. Түсінемін, оны көргісі келетіндер бар, бірақ оған демалу керек. Ол дайын емес, бірақ бізде жұлдыз көп.

Аңыз Криштиану Роналдуды құрамнан алып тастауды мен шешпедім. Ол 48 сағат бұрын матч өткізді, оған дейін 120 минут ойнаған», - деп келтіреді бапкердің сөзін Goal басылымы.