«Ақтөбе» футбол клубы Андрей Владимирович Карповичпен арадағы келісім-шарттың аяқталғанын ресми хабарлады.

42 жасар қазақстандық маман былтыр мамыр айында «Ақтөбенің» тізгінін ұстап, команданы турнирлік кестедегі жетінші орыннан екінші сатыға көтере білді.

«2022 жылғы маусымның қорытындысы бойынша Леонид Остроушко атындағы "Қазақстанның үздік бапкері" жүлдесін жеңіп алған Андрей Карпович ақ-қызылдармен бірге күміс алқа иеленіп, УЕФА Конференция лигасына жолдама алды. Биыл ол “Ақтөбемен” қола жеңді.

Карпович бір жарым маусымда "Ақтөбе" тізгінінде ел чемпионаты аясында 43 матч өткізіп, 25 жеңіске қол жеткізді. Он үш мәрте тең ойнап, бес рет жеңіліске ұшырады. Голдар айырмасы — 78-40. Команда бас бапкердің басшылығымен 88 ұпайды қоржынға салды. Андрей Владимирович өткен екі маусымда 6 рет “Айдың үздік бапкері” болып танылды», делінген мәлімдемеде.