Қазақстан құрамасы 2023 жылы Рас әл-Хаймада (Біріккен Араб Әмірліктері) өтіп жатқан шағын футболдан әлем чемпионатының жартылай финалында Әзірбайжанмен ойнады, деп хабарлайды Prosports.kz.

Әлем чемпионатының финалына шығу үшін өткен кездесу 3:2 есебімен қазақстандықтардың жігерлі жеңісімен аяқталды. 19-минутта Ешгин Тагиев Әзірбайжанды алға шығарды. Қазақстандықтар екінші таймда есе қайтарды: 30-минутта Нұрсұлтан Жүсіпов таразы басын теңестірсе, 41-минутта Жәнібек Сейітжан гол соқты, 45-минутта Оралбек Егізбаев басымдылықты нығайтты. 50-минутта Тагиев дубль жасап, есеп айырмасын қысқартты.

Осылайша, Қазақстан құрамасы тарихта алғаш рет шағын футболдан әлем чемпионатының финалына шықты. Енді жерлестеріміз Румыниямен ойнайды. Бұған дейін отандық құраманың ең жоғары жетістігі 2015 және 2017 жылдары 11-орын болған.

Айта кетейік, Әзірбайжан құрамасы шағын футболдан қазіргі Еуропа чемпионы. 2022 жылы Әзірбайжан құрамасы құрлықтық жарыстардың финалдық кездесуінде Румыния құрамасын 1:0 есебімен ұтты.