Испанияның Кордова қаласында 16 жасқа дейінгілер арасында Davis Cup Juniors Finals жарысы өтуде, деп хабарлайды Kazinform.

Командалық әлем чемпионатына алғаш рет қатысып жатқан Қазақстан жасөспірімдер құрамасы бастапқы кездесуін Италия теннисшілерімен өткізді.

Беташар ойында Заңғар Нұрланұлы (331 ITF Juniors ranking) италиялық Андреа Де Маркиге (172 ITF Juniors ranking) есе жіберді – 6:2, 3:6, 4:6.

Содан кейін Әмір Омарханов (99 ITF Juniors ranking) Италия құрамасының үздігі, жасөспірімдер арасында әлемнің 10-ракеткасы Федерико Чинмен ойнады. Бірінші партияда Федерико 7:6 (8:6) есебімен басым түсті. Ол екінші сетте де алға шыққанымен, Әмір қарымта қайыра алды – 6:4.

Содан кейін шешуші партияда жеңісті жұлып алды – 6:2.

Жұптық бәсекеде Заңғар мен Әмір Андреа мен Федерикоға жол берді – 4:6, 3:6. Бүгін Сергей Квактың шәкірттері Оңтүстік Корея командасымен кортқа шығады.