Қазақстандық боксшы Дәурен Елеусінов (11-2-1, 10 КО) Ыстанбұлда (Түркия) өткен бокс кешінде өнер көрсетті.

Ол Танзания боксшысы Пиус Мпендамен (8-1, 4 КО) жұдырықтасты. Бірінші орта салмақтағы жекпе-жек он раундқа созылып, төрешілердің шешімімен Мпенданың жеңісімен аяқталды.

Осылайша, Пиус Мпенда кәсіпқой бокс мансабында тоғызыншы жеңісіне қол жеткізсе, Дәурен Елеусінов үшінші рет жеңіліске ұшырады.

Елеусінов үшін бұл 2023 жылдағы екінші жекпе-жек болды: 37 жастағы қазақстандық боксшы алдыңғы кездесуін наурызда өткізді. Онда өзбек боксшысы Бахром Паязовты (22-22, 15 КО) екінші раундта нокаутқа түсірді.

Айта кетейік, Дәурен Елеусінов ІВО тұжырымы бойынша әлем чемпионы Данияр Елеусіновтің (11-0, 6 КО) інісі.