Сауд Арабиясының астанасы Ар-Риядта өтіп жатқан Дүниежүзілік жауынгерлік өнер ойындарында панкратионнан барлық жүлдегер анықталды, деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.

Барлық он салмақта спортшы алып келген Қазақстан құрамасы 5 күміс, 2 қола жүлдеге ие болды. Финалға шыққан Сәбит Жүсіпов (66 кг), Думан Балмұханов (92 кг), Дияр Нұрғожай (100 кг), Меруерт Ибраева (65 кг), Мереке Жүнісова (80 кг) қарсыласқа есе жіберіп, өз салмағында 2-орын алды.

Ал Жасұлан Әкімжан (71 кг) мен Самат Шағыраев (84 кг) қола медаль үшін жекпе-жекте жеңіске жетті.

Ұлттық құрама сапындағы Айкөрік Қуандықова (70 кг), Айдын Әбдібай (52 кг) мен Жұлдызай Ибраева (57 кг) жүлдеге қол жеткізе алған жоқ.