«Қайрат» футзалының президенті Қайрат Оразбеков клубтың команда капитаны әрі қақпашы Игитамен келісімді ұзарта алатынына сенімді, деп жазады Prosports.kz.

«Игитамен келісімшарт міндетті түрде ұзартылатынына сенімді екенімді айтқым келеді. Бірақ, Игита қайда мансабын жалғастыратынын өзі шешеді.

Оның үстіне келесі жылы Ташкентте әлем чемпионаты өтеді. Команданың бірлігі мен жақсы ойыны болғанын қалаймыз. Сондықтан капитанымызды «Қайратта» көргіміз келеді.

Менің ойымша, Игита ақшаның артынан жүгіретін адам емес. Әйтпесе, ол баяғыда Барселона секілді клубтарда ойнап жүретін еді. Игита – «Қайраттың» рухы. Ол мансабын аяқтаған соң да клубта жұмысын жалғастырады деп сенемін.

Игитаның келісімшартында егер де бір клуб оны өз қатарына қосса бір миллион доллар төлеуге міндетті. Осыдан біраз бұрын норильсктік «Никель» клубының президенті Игита үшін сол сомманы төлеуге дайынбыз деп хабарласқан еді. Содан кейін мен ол кісінің қоңырауына жауап бермей қойдым (күлді)», - деді Оразбеков.

Естеріңізге сала кетейік, Игитаның алматылық клубпен келісімі маусымның соңында аяқталады.