Елордадағы Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы орталық стадионның орнына жаңа нысаның құрылысы 2024 жылы басталады. Бұл туралы Астана қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Самат Жылқыбаев айтты, деп хабарлайды Kazinform.

«Қажымұқан Мұнайтпасов атындағы стадионның орнына жаңа нысанның құрылысы бойынша 2021 жылғы 28 шілдеде «Құрылысконсалтинг» Ұлттық орталығы» АҚ-мен жобалау жұмыстары бойынша шарт жасалды. Сонымен қатар, 2022 жылғы 15 наурызда ескі стадионды сүріп тастау жобасына кешенді сараптаманың оң қорытындысы алынды», - делінген Астана әкімдігінің Kazinform агенттігіне берген жауабында.

Атап айтқанда, биылғы 20 сәуірде эскиздік жоба Астана қаласының Сәулет, қала құрылысы және жер қарым-қатынастары басқармасымен келісілген. Ал желтоқсан айында құрылысқа қатысты тиісті қорытынды алу жоспарланған.

«2024 жылы жаңа стадионды салу бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстарын бастау жоспарланып отыр. Жаңа стадион 2025 жылғы шілде айында пайдалануға берілмек», - деп нақтылады елорда әкімдігі.