Оңтүстік Кореяда жасөспірімдер арасында екінші санаттағы ITF Juniors - J300 WANJU турнирі мәресіне жетті, деп хабарлайды Zakon.kz Қазақстан теннис федерациясына сілтеме жасап.

Беделді жарыста Әмір Омарханов (200 ITF Juniors)тамаша өнер көрсетті.

Қазақстандық теннисші үшінші айналымда жасөспірімдер арасында әлемнің 45-інші, доданың екінші ракеткасы, оңтүстіккореялық Джангжун Кимді қапы қалдырды - 6:7, 7:6, 6:3.

Әмір ширек финалда тағы бір корт иесі Юн Сун Йонгты жолдан тайдырды - 6:3, 6:3.

Жартылай финалда жасөспірімдер арасында әлемнің 41-ракеткасы, аустралиялық Хайден Джонесті ойсырата ұтты - 6:1, 6:0.

Титул үшін бәсекеде Қарағанды теннис мектебінің түлегі үндістандық, рейтингте 61-орындағы Юван Нандалдан басым түсті - 6:2, 6:2.