Қытайдың Ханчжоу қаласында өтіп жатқан XIX жазғы Азия ойындарында су добынан Қазақстан ерлер құрамасы ширек финалға шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазақстандық спортшылар В тобында сынға түсті. Қарсыластары – Жапония, Сингапур және Гонконг.

Үшінші ойында ел құрамасы Сингапурды 22:4 есебімен тізе бүктірді.

Одан бұрын Гонконгты 25:4 есебімен жеңсе, Жапонияға 13:15 есебімен есе жіберді.

Нәтижесінде өз тобында екінші орын алып, ширек финалға шықты.

Енді олар ширек финалда, 5 қазанда Оңтүстік Кореямен шеберлік байқасады.

Айта кетсек, жарыс барысында 2024 жылғы Париж Олимпиадасына жолдамалар сарапқа салынады.

Су добынан еліміздің ерлер құрамасы Азия ойындарына 1994 жылдан бері қатысып келеді. 2006 жылы қола жүлдегер болса, қалғанында чемпиондық атаққа қол жеткізді.

Еске салсақ, бұдан бұрын Қазақстан әйелдер құрамасы Азия ойындарында үздік үштікке тұрақтады.