Жеңіліп көрмеген қазақстандық кәсіпқой боксшы Бек Нұрмағанбет (10-0, 8КО) Prosports.kz тілшісіне берген сұхбатында нигериялық Абимбола Осундайроға (5-0, 3КО) қарсы алдағы жекпе-жегі және «Канело» — Чарло кездесуі туралы болжамын айтты.

Сауль Альварес — Джермелл Чарло бокс кешінің андеркардындағы жекпе-жекке дайындығыңыз қалай өтті?

— Дайындық жақсы өтті, бұл жекпе-жекке төрт айға жуық дайындалдым. Мен Канело — Чарло жекпе-жегінің кардында өнер көрсетемін деп ойламадым. Промоутерімнің арқасында осындай ірі бокс кешінде өнер көрсетемін.

— Қарсыласыңызды зерттеп үлгердіңіз бе? Ол туралы не айта аласыз?

— Иә, менің қарсыласым Нигериядан. BoxRec рейтингінде (Осундайро 46-орын, Нұрмағанбет 47-орын) ол менен жоғары орналасқан. Бұл менің қазіргі кездегі ең мықты қарсыласым. Оның үстіне ол жеңіліссіз келе жатыр.

— Карлос Адамеспен бірге суретіңізді көрдім. Сіз онымен спарринг өткіздіңіз бе?

— Карлос Адамеспен спарринг өткіздік. Өте мықты және талантты боксшы. Спарринг жоғары деңгейде өтті. Осындай серіктестермен жұмыс істеу арқылы құнды тәжірибе аламыз. Адаместен басқа, Top Rank-те өнер көрсететін тағы бірнеше атақты спарринг серіктестер болды.

— Сауль Альварес пен Джермелл Чарло жекпе-жегіне болжамыңыз қандай? Америкалықтың салмақ қосып жатқаны әсер ете ме?

— Иә, салмақта айырмашылық бар. Чарло Канеломен жұдырықтасу үшін екі салмаққа секіреді. Екеуі де өте мықты, сонымен қатар өз дивизиондарында абсолют әлем чемпиондары. Жекпе-жек көрсетеді, бірақ меніңше, екі салмаққа секіру жекпе-жекке әсер ететін сияқты. Күш жағынан Канело Чарлодан мықты. Қалай болғанда да, қызық кездесу болады.

Еске сала кетейік, Бек Нұрмағанбет пен Абимбола Осундайро арасындағы жекпе-жек 30 қыркүйекте (Астана уақытымен 1 қазанда таңертең) Лас-Вегаста (Невада, АҚШ) өтеді.