Қазақстандық боксшы Сәкен Бибосынов Азия ойындарындағы алғашқы жеңісінен кейін Nur.kz тілшісіне сұхбат беріп, жекпе-жектен алған әсерін бөлісті.

Отандық спортшы Азия ойындары аясындағы бірінші кездесуінде қабағынан жарақат алып қалғанын айтты. Сөзінше, бұл толықтай өзінің кінәсі. Боксшы алда болатын жекпе-жектеріне жоспарын айтып, чемпион болу үшін бар күшін салатынын жеткізді. Бибосынов 28 қыркүйек күні өзбекстандық Хасанбай Дусматовпен жұдырықтасатын болды.

«Аллаға шүкір, бірінші кездесуімде жеңіске жеттім. Дегенмен оңай болған жоқ. Азия ойындарына ешқашан осал қарсылас келмейді. Моңғолиялық боксшыны бұрыннан көріп жүрген. Бапкерлерімнің тактикасын дұрыс орындап шықтым. Кішкене қабағымнан жарақат алып қалдым. Дегенмен ол өзімнің кінәм. Бапкерлерім "аяқта тұрма, еңкейме" деген болатын. Кей кезде тыңдамай қалып қаласың. Осындай болды.

Енді екі күннен соң, 28 қыркүйекте жұдырықтасатын боламын. Хасанбай Дусматовпен кездесемін. Есемізді қайтарып, осы Азия ойындарында олимпиада лицензиясын алуға, Азия ойындарының чемпионы болуға келгенмін. Бар күшімді саламын», - деді Бибосынов.