Қазақстандық балуан Досжан Қартықов 2016 жылы Рио-де-Жанейрода өтетін Олимпиада ойындарына күрестен алғашқы лицензияны жеңіп алды.

75 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Досжан Қартықов украиналық Дмитрий Пышковты 4:2 есебімен, молдовалық Игорь Бисляганы 6:0 есебімен, одан әрі Олимпиада ойындарының жеңімпазы, әлем чемпионы оңтүстіккореялық Хенву Кимді 4:2 есебімен жеңді. Кореялыққа көп күш сарп еткен атлетіміз ширек финалда олимпиада чемпионы ресейлік Роман Власовқа жол берді.

Ынталандыру кездесуінде Қартықов 2014 жылғы әлем чемпионы армениялық Арсен Джулфалакяннан 5:2 есебімен басым түсті. Сонымен, олимпиада ойындарының күрестен алғашқы лицензиясы қоржынымызда, ал спортшымыз әлі қола жүлде үшін соңғы белдесуін өткізеді.

Тағы бір қазақстандық балуан Ерұлан Ысқақов (98 келі) алғашқы белдесуінде Азия ойындарының финалисі қытайлық Ди Ксиаодан (4:7) ұтылды.

Ал Демеу Жадыраев (66 келі) ширек финалға дейін сүрінбей жетіп, сербиялық Давор Штефанектен 3:4 есебімен жеңілді.

 

BNews.kz сайтынан