Астана қаласында 26 қыркүйек - 3 қазан аралығында хард төсенішінде ATP 250 турнирі өтеді. Дүбірлі дода қарсаңында Қазақстан теннис федерациясының вице-президенті Диас Досқараев елімізде осы спорт түрінің дамуы, қазақстандықтардың соңғы кездегі табыс-жетістіктері туралы ҚазАқпарат тілшісіне сұхбат берді.

- Жуырда Анна Данилинаның финляндиялық Харри Хелиоваарамен бірге миксте АҚШ ашық чемпионатында үздік шыққаны белгілі. Сөйтіп ол қазақстандық теннисшілер арасында аралас жұпта алғаш рет «Үлкен дулыға» турнирінің чемпионы атанды. Сол секілді Дэвис кубогінің плей-офф матчында Қазақстан ерлер құрамасы Болгарияны тізе бүктіріп, келесі кезеңге жолдама алды. Енді, міне, елордада Astana Open ATP 250 жарысы үшінші рет жалауын көтермекші. Бұған дейін осындай санаттағы дода 2020 және 2021 жылдары өткізілсе, өткен жылы Астанада алғаш рет АТР 500 турнирі ұйымдастырылды. Диас Бауыржанұлы, биыл ел астанасына кімдер келеді?

- Әрине, алдымен Қазақстанның үздік теннисшісі, әлемнің 29-ракеткасы, биылғы Галле АТР 500 турнирінің чемпионы Александр Бублик ауызға ілігері анық. Жалпы, дүниежүзілік рейтингте ТОП-50-ге кіретін тоғыз ойыншы бақ сынайды. Олардың арасында қазір рейтингте 40-орында тұрған, кезінде 3-сатыға дейін көтерілген «Үлкен дулыға» турнирінің үш дүркін чемпионы, олимпиада жеңімпазы, швейцариялық Стэн Вавринка бар. 2020 жылғы АҚШ чемпионатының жеңімпазы, әлемнің бұрынғы 3-ракеткасы, аустриялық Доминик Тим, жасөспірімдер арасында «Үлкен дулыға» жарысында үздік шыққан, рейтингте 33-орындағы америкалық Себастьян Корда және басқаларды айтуға болады. Жарыстың жүлде қоры 1 017 860 АҚШ долларына бағаланып отыр. Сондықтан, теннисшілер көбірек табыс тауып, рейтингтік ұпай жинау үшін барын салатыны анық.

Мұндай деңгейдегі жарысты өткізу еліміздегі теннистің дамуының жоғары деңгейде екендігін көрсетеді, яғни мұны әлем мойындап отыр деген сөз. Өткен жылы Астанаға Новак Джокович, Карлос Алькарас, Даниил Медведев, Андрей Рублев, Стефанос Циципас сияқты ойыншылардың келуі – соның дәлелі.

Биыл да жарысты жоғары деңгейде ұйымдастырып, мақсат үдесінен шығамыз деп сенеміз. Ең бастысы, қазақстандық теннисшілер әлемдегі мықтылармен шеберлік байқасуға мүмкіндік алады. Бұл бәсекелер көрермендерге қызықты болары сөзсіз. Beeline Arena ұлттық теннис орталығы барлық теннис жанкүйерлерін күтеді. Секторлардағы орынға байланысты билет бағасы 1,5 мың теңгеден басталады. Корттағы кездесулерден басқа теннисшілердің қатысуымен түрлі іс-шаралар өткізіледі. Астаналықтар мен қала қонақтары сегіз күн бойы ойындарды тамашалап қана қоймай, атақты теннисшілерді корттан тыс жерлерде көріп, жүздесе алады.

- Астанада биыл Президент кубогі кезекті рет ойнатылған болатын. Қазақстанда бай тарихы бар ірі жарыста жеңіп шығу – зор құрмет. Осы жарыстағы қазақстандықтардың өнерін қалай бағалар едіңіз?

- Бұл АТР челленджер додасы дәстүрлі түрде әуелі Алматыда, кейін Астанада өткізіліп келеді. Жыл сайын 25-тен астам ел өз өкілдерін бәйгеге қосады. Оны ерлер және әйелдер арасында да ұйымдастырып, көрермендер мен қатысушылар көңілінен шығу үшін бар күш-жігерімізді жұмсаймыз. Биыл Алматы теннис мектебінің өкілі Денис Евсеев топ жарды. Жанкүйерлерінің көз алдында өнер көрсетіп, жеңімпаз атану абырой екендігін оның өзі де айтып жүр. Денис өткен жылы финалда қазір «Үлкен дулыға» жарыстарында жарқырап көзге түсіп жүрген ресейлік Роман Сафиуллинге есе жіберсе, биыл чемпиондық атаққа қол жеткізді. Енді оның алдынан даңғыл жол ашылып, көкжиегі кеңейе түсті, сөйтіп «Үлкен дулығаға» дейін жолдама алар деп ойлаймыз. Президент кубогі көптеген спортшыларға серпін беріп, тәжірибе жинақтап, шеберлігін ұштай түсуге септігін тигізеді. Біздің жас жұлдыздарымыз Полина Слепцова, Іңкәр Дүйсебай, Ислам Орынбасар жарыс деңгейін сезініп, шынайы бәсекенің қандай екендігін көрді. Теннисшілеріміздің өнері өсуі үшін біз Президент кубогін бұдан былай да өткізе бермекшіміз.

- Сіз спортшыдан ұйымдастырушыға дейінгі жолдан өттіңіз. Соңғы 15-20 жылда Қазақстан теннисі айтарлықтай серпіліс жасады деп ойлайсыз ба?

- Әрине, ол солай! Теннистің қарқынды дамуын үш бағытта екі немесе үш кезеңге бөліп қарауға болады. Қазақстанда теннисті дамытудың стратегиясын 2007 жылы федерация президенті Болат Өтемұратов жасап, ол мемлекет тарапынан қолдау тапты. Бұл үш бағыттан тұрады.

Біріншіден, инфрақұрылымды дамыту, былайша айтқанда, барлық облыс орталықтарында балалар жақсы жағдайда айналысуы үшін теннис корттарын салу.

Екіншіден, жергілікті бапкерлерді оқытып, жеткіншектер үшін жаттығу әдістемесін жасап, жүзеге асыру маңызды. Бұған жас спортшылардың сұранысы мен тілегін қанағаттандыру үшін шетелден білікті мамандарды шақыру да кіреді. Осы мақсатта озық теннис академияларымен байланыс орнаттық. Испания, Италия, Германия, Америкадан келген кәсіби мамандар теннис ілімін оқыту мәселесінде тәжірибелерімен бөлісті.

Үшінші бағыт – жарыстар өткізу. Турнирлерде шыңдалмайынша, алған білімді, шеберлікті жетілдіре алмайсың. Біз қазіргі кезде балалар мен кәсіби ойыншылар үшін түрлі деңгейдегі үш жүзге дейін жарыс өткізіп жүрміз. Былайша айтқанда, балалар он жасынан бастап бақ сынап, жас ерекшелігіне қарай ауыса отырып, түптеп келгенде, ең жоғары кәсіби деңгейге көтеріле алады. Бір сөзбен айтқанда, Қазақстанда теннисті дамыту жүйесі жолға қойылған.

Қазақстан құрамасындағы кәсіби теннисшілерді айтпағанда, федерация түрлі жастағы жүзден астам балғын ойыншыларды қаржыландырады. Қажетті жабдықтармен, жеңілдіктермен, жаттығумен қамтамасыз етіп, 11 жасынан Еуропа мен Америкадағы жарыстарға қатысуға мүмкіндік береді. Бұл балалардың кішкентайынан теңдесі жоқ тәжірибе алып, өз қатарластарын көріп, бәсекелі ортада арман-мақсатын айқындауы үшін жасалады, яғни шетелдік ойыншылар алдында олардың тізесі дірілдемейді. Өз еліміздің ішінде ойнау бір басқа, теннисі әлдеқайда дамыған мемлекеттер өкілдерімен сынға түсу мүлде бөлек. Ерте шыңдалған бала психологиялық жағынан да бекем болып, шетелдіктермен кездесулер кезінде тез бейімделеді. Қысқасы, балалардың болашақта Уимблдон немесе АҚШ ашық чемпионатында табысты өнер көрсетуі үшін жақсы жағдай жасалған.

- Тағы бір теннис жылы аяқталып келеді. Биылғы «Үлкен дулыға» турнирлеріндегі қазақстандықтардың табысына тоқтала кетсеңіз?

- Қазіргі кезде Қазақстан намысын абыроймен қорғап жүрген Елена Рыбакинаны білмейтін адам кемде-кем. Оның жеңістері жас жеткіншектерді рухтандырады, күш береді және біздің дұрыс бағыт ұстанып отырғанымызды көрсетеді. Бірқатар өңірде мәселе жоқ емес. Ол ең алдымен корттың жетіспеушілігі дер едік. Сондықтан, жекелеген қалаларда қосымша орталықтар ашу жөніндегі ойға келдік. Бұл Еленаның Уимблдондағы тамаша табысынан кейін тың серпін алды. Еленаға қарап қыздар ғана емес, ерлер де үлгі алып, өз алдарына биік мақсат қояды.

Анна Данилинаның АҚШ чемпионатында миксте үздік шығуын да атамай кете алмаймыз. Спортта табыстың шегі жоқ, сондықтан алда алуға тиісті белестер аз емес. Кейінгі кезде 16 жасқа дейінгі қыздар мен бозбалаларымыз да жақсы нәтиже көрсетіп, алғаш рет Дэвис кубогі мен Билли Джин Кинг кубогінің финалдық кезеңіне жолдама алды. Испанияның Кордова қаласында қазанның соңы мен қараша айының басында өтетін жарыстар біздің жас теннисшілеріміз үшін бастапқы үлкен сын болмақ. Қорыта айтқанда, Қазақстанда теннис кеңінен дамып келеді. Алдағы уақытта спортшыларымыздың табысы бұдан да қомақты болатынына сенеміз.