Елордалық «Астана» Конференция лигасының топтық кезеңін сәтсіз бастады, деп хабарлайды Prosports.kz.

Бірінші тур аясында Қазақстан чемпионы загребтік «Динамоға» қонаққа барды.

Командалар үзіліске кетер сәтте Бруно Петкович пенальтиден гол соғып, алаң иелерін алға шығарды. Артынша төреші тағы да он бір метрлік айып соққысын белгілеп, Петкович дубль жасады.

Көп ұзамай Марко Булат «Динамоның» үшінші голын салды.

78-минутта елордалықтар Камо Оганесянның голымен жауап қатты. Алайда алаң иелері ойын соңына қарай тағы екі доп тоғытып тастады. Алдымен Антонио Марин қанжығасын майласа, матчтың соңғы минуттарында Тибор Халилович матч нүктесін қойды. Қорытынды есеп - 5:1.

Конференция лигасы. С тобы. 1-тур.

«Динамо» (Загреб, Хорватия) – «Астана» (Қазақстан) – 5:1 (1:0)

Голдар: Петкович 43 (пенальтиден – 1:0), Петкович 53 (пенальтиден - 53), Булат 58 (3:0), Оганесян 78 (3:1), Марин 85 (4:1), Халилович 90+3 (5:1)

Төреші: Рачковски (Польша)

21 қыркүйек. Загреб. «Максимир» стадионы.