Дэвис кубогінің плей-офф кезеңінде 16-17 қыркүйекте өтетін Болгария – Қазақстан матчының жеребесі тартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазақстан теннис федерациясынан мәлім еткеніндей, бәсекенің бірінші күні Астана уақытымен сағат 15.00-де кортқа еліміздің екінші, әлемнің 123-ракеткасы Тимофей Скатов алғашқы болып кортқа шығады.

Т.Скатов рейтингте 179-орында тұрған Димитар Кузмановпен сынға түседі.

Жиырма минуттан кейін Қазақстанның бірінші, әлемнің 29-ракеткасы Александр Бубликке кезек келеді. Ол рейтингте 569-сатыдағы Янаки Милевтің шамасын байқап көреді.

Жексенбі күні, 17 қыркүйекке үш кездесу жоспарланған. Алдымен Александр Недовесов пен Андрей Голубев Александр – Донски – Александр Лазаровпен шеберлік байқасады. Содан кейін А.Бублик Д.Кузмановпен, Т.Скатов Я.Милевпен кездеседі.

Жеңімпаз команда алдағы жылдың ақпанында Дэвис кубогінің финалдық кезеңіне шығу үшін тағы бір қарсыласымен матч өткізеді.