Туризм және спорт министрлігінің мәліметінше, Париждегі Олимпиадаға дайындық аясында Қазақстанның құрама командалары 80-нен астам әлемдік рейтингтік турнирлерге қатысады.

Лицензиялау кезеңі Олимпиаданың басталуына бір ай қалғанда аяқталады. Осы жарыстардың қорытындысы бойынша спортшыларымыз Париж Олимпиадасына 100-ге жуық лицензия алуды жоспарлап отыр.

Қазақстан командасын Париждегі олимпиадаға дайындау үшін ҚР Туризм және спорт министрлігі Ұлттық құраманың жұмысын ұйымдастыруға арналған жедел штаб құрды.

"Сонымен қатар жазғы спорт түрлері бойынша спортшылар мен еліміздің штаттық құрама командаларын даярлау және олардың Олимпиада – 2024-ке қатысуын қамтамасыз ету жөніндегі бағдарлама бекітілді", - деді ҚР ТСМ Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Ербол Мырзабосынов.