Қазақстандық Юлия Путинцева жұптық сында Осака (Жапония) WTA 250 турнирінің жартылай финалына жолдама алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстандық теннисші ресейлік Анна Калинскаямен бірге ширек финалда жарыстың 3-ракеткалары, ұлыбританиялықтар Нэйкта Бэйнс – Майя Люмсденмен кездесті.

Қазақстандық-ресейлік жұп 6:1, 6:4 есебімен басым түсті.

Бір сағаттан астам уақытқа созылған бәсеке барысында олар 2 эйс жасап, 9 брейк-пойнттың бесеуін пайдаланды. Ұлыбританиялық дуэт 2 эйс, 2 брейкпен (4 брейк-пойнт) көзге түсті.

Ю.Путинцева – А.Калинскаяның жартылай финалдағы қарсыластары кейін белгілі болады.

Юлия жекелей сында да доданы жалғастыруда. Ол ширек финалда әлемнің 39-ракеткасы, қытайлық Синьюй Ванмен шеберлік байқасады.