Жартылай орта салмақтағы UFC чемпионы (77,1 келіге дейін) британиялық Леон Эдвардстың (21-3) келесі қарсыласы Колби Ковингтон (17-3) болуы мүмкін, деп жазады Prosports.kz.

Бұл жекпе-жектің өту ықтималдығы жоғары. 2023 жылдың соңына дейін – қарашадағы UFC 295 немесе желтоқсандағы UFC 296 турнирінде өтеді.

Бұл туралы чемпионның менеджері Тим Симпсон мәлімдеді.

«Кездесу биыл жыл аяғына дейін өтеді. Менің ойымша, қараша немесе желтоқсанда, қазір келіссіөз жүріп жатыр. Леон бабында, жекпе-жекке дайын. Менің білуімше, Колби де дайын», - деді маман.

Айта кетейік, Эдвардс былтыр тамызда чемпион Камару Усманды нокаутқа түсіріп, сенсация жасады әрі чемпиондық белбеуді жеңіп алды. Биыл наурызда өткен реваншта Леон Камаруды ұпай санымен ұтты.

Ковингтон титул Усманның уысында болған 2019-2021 жылдары чемпиондыққа екі рет үміткер болған, бірақ екеуінде де жеңіліп қалды. Колби кейінгі жекпе-жегін 2022 жылы наурызда өткізді, онда Хорхе Масвидалды ұпай санымен ұтты.