13 қыркүйекте шахматтан Қазақстан әйелдер құрамасы Польшада өткен командалық әлем чемпионатында күміс жүлдегер атанып, Астанаға оралды. Ресми кездесуде командамыздың бас бапкері Павел Коцур шахматшылардың алдағы жоспарлары туралы айтты, деп хабарлайды Prosports.kz тілшісі Zakon.kz сайтына сілтеме жасап.

Шахмат маманы 2023 жылы Быдгощта өткен әлем чемпионатының қорытындысын шығарып, аға бәсекелестерімен бір деңгейде өнер көрсеткен жас командасының жетістігін арнайы атап өтті.

«Біздің басымдық – жастар құрама командасын құру болды. Олар әдетте шахматты жылдам ойнайды. Еске салайын, ереже бойынша әр жүріске 10 секунд беріледі. Бұл әсіресе француздармен ойында көмектесті. Біздің ұлттық құрамадағы ойыншылардың барлығы дерлік жасөспірімдер. Жастар арасында әлем чемпионы бар. Дегенмен ересектер арасындағы командалық біріншілікте олардың ешқайсысы көзге түспеді. Сондықтан көптеген сарапшы біздің шахматшылар соңғы жарыстың тосынсыйы болғанын айтты. Польшада өткен турнирде 16 жасар Алуа Нұрманова ерекше көзге түсті», - деп айтты Шахматтан Қазақстан әйелдер құрамасының бас бапкері Павел Коцур.

Павел Коцур біздің шахматшылардың биылғы маусымдағы басты міндеті туралы айтты.

«Алда күрделі старттар күтіп тұр. Азия ойындарында құраманы тәжірибелі Жансая Әбдімәлік пен Динара Сәдуақасова толықтырады. Негізгі қарсыластар Қытай мен Үндістан да толық дайындықта. Бибісара Асаубаева келесі жарысқа бірден Польшадан Германияға кетті. Ол келесі аптада Қытайдың Ханчжоу қаласында өтетін 19-жазғы Азия ойындарына барады», - деді Павел Коцур,

Шахматтан Қазақстан әйелдер құрамасы Быдгощ қаласында (Польша) өткен IX командалық әлем чемпионатында тарихи күміс медаль жеңіп алды. Біздің шахматшылар мұндай жетістікке алғаш рет қол жеткізді. Қазақстанның әйелдер құрамасы өз тобындағы кездесулердің басым бөлігін жеңіп, алдын ала кезеңнің көшбасшысы атанды. 2023 жылғы әлем чемпионатының плей-офф кезеңінде Франция мен Германия құрамаларын ұтып, шешуші кездесуде грузин шахматшыларынан ұтылды.