10 қыркүйек күні футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы Солтүстік Ирландияны жеңіп, Н кіші тобында көшбасшылыққа қайта оралды. Жаңадан тағайындалған спорт министрі Ермек Маржықпаев әлеуметтік желідегі парақшасында осы жеңіс туралы пікір жазды, деп хабарлайды Prosports.kz тілшісі Zakon.kz сайтына сілтеме жасап.
«Жеңіс! Біздің команда 1:0 есебімен жеңіске жетті! Футболдан Еуропа чемпионатына іріктеу аясында Қазақстан құрамасы Солтүстік Ирландиямен матчта маңызды 3 ұпай жинады. Өткен жолы финдерге есе жібергенімен еңсесін қайта тіктеген ойыншыларымыздың осы жолғы ойынына тәнті болдым. Мемлекет басшысының футболшыларымызға қолдау білдіріп, ойынға жанкүйер ретінде келуі оларды ерекше жігерлендірді», - деді Ермек Маржықпаев.

Ол команданың 1:0 есебімен жеңіске жеткенін нақтылады. Министр голл авторы Максим Самородовты бөлек атап өтті.

«Қазақстан командасының ойынын тамашалау қуаныш сыйлағанын жасыра алмаймын. Жаттықтырушылар штабының үлкен жұмыс атқарғаны айқын көрінді. Осы ретте мен голл авторы Максим Самородовты бөлек атап өткім келеді. Жас шабуылшы қарсылас команданың қақпасына дәл соққы жасады. Мен ұлттық құраманы және барлық қазақстандықтарды осынау жеңіспен құттықтаймын! Алдағы ойындар оңай болмайтыны анық, бірақ біз жігіттеріміздің дайындығы мен шеберлігіне сенеміз. Футболда мүмкін емес нәрсе жоқ. Ал, туған елінің намысы үшін барын салып, соңғы сәтке дейін әдемі ойын көрсеткен ойыншыларымызға сәттілік серік болсын демекпін», - деді министр.