Шымкенттің "Ордабасы" командасы мен футболдан Қазақстан құрамасының жартылай қорғаушысы Бауыржан Исламханға Мюнхендегі ауруханалардың бірінде ота жасалды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Бұл ақпаратты клубтың баспасөз қызметі әлеуметтік желіде таратты. Онда футболшының оң аяқ тізесінің менискалары мен байламдарына ота сәтті жасалғаны, енді хаттамаға сәйкес ем-дом шаралары жүргізілетіндігі айтылған. "Ордабасы" командасының басты ойыншысының осы маусымда алаңға оралуы - үлкен мәселе, бұл оның денсаулығының қалпына келуіне байланысты.

Бауыржан Исламхан Қазақстан чемпионатының 20-турында "Ордабасы" өз алаңында "Қайратты" қабылдаған кезде жарақат алған. Ол кезде ойын эпизодтарының бірінде жартылай қорғаушы денсаулық жағдайына байланысты алаңнан кеткен болатын.