Қазақстандық боксшы Батыр Жүкембаев (20-1, 16КО) Prosports.kz тілшісіне берген сұхбатында Уго Альберто Ролданға (22-1-1, 7КО) қарсы алдағы жекпе-жегі мен Сабриэль Матиаспен (19-1, 19КО) реваншы туралы айтты.

- Батыр, АҚШ-тағы жекпе-жекке дайындық қалай жүріп жатыр? Қарсыласыңызды зерттеп үлгердіңіз бе?

- Бәрі жақсы жүріп жатыр. Қарсыласты зерттедік, оның жекпе-жектерін көрдік. Ролдан - қауіпті және төзімді қарсылас. Құдай қаласа, айқасқа жақсы дайындықпен, тактикамен шығамыз. Біз АҚШ-та жұдырықтасқанбыз және бұл атмосфераны білеміз.

- Сізге бұл АҚШ-тағы екінші жекпе-жек болмақ. Алғашқысы сәтсіз аяқталды. Матиастан жеңілгеннен кейін қандай қорытындыға келдіңіз?

- Иә, бұл менің АҚШ-тағы екінші кездесуім болмақ. Кез келген жекпе-жек - сәтті болсын-болмасын керемет тәжірибе. Матиаспен жекпе-жек те солай. Мен қорытындылар жасадым. Дайындықта көп нәрсе өзгерді.

- Қазір Маттиаста IBF титулы бар. Одан реванш алу жоспарлары бар ма?

– Одан реванш алу – біздің мақсатымыз. Құдай қаласа, қолымыздан келеді. Реванш бәрібір болады. Біз өзіміздіікін қайтарамыз.

- Командаңыз өзгерді ме? Қазіргі уақытта қандай промоутерлік компаниямен жұмыс істеп жатсыз?

- Иә, енді мен америкалық Pro Box Promotions промоушенінде жұдырықтасамын. Алдағы жекпе-жектен кейін ары қарай кіммен жұмыс істейтініміз белгілі болады.

– Соңғы жылдары Қазақстанда кәсіпқой бокс кештері сирек болып кетті. Бұл немен байланысты деп ойлайсыз?

– Бұл жағдай тек біздің елде ғана емес деп ойлаймын. Ковидтен кейін бәрі тоқтады. Енді ғана бокс кештері ақырындап жалғаса бастады.

Біздің еліміз туралы нақты айтатын болсақ, көптеген себебі бар. Бұл үкімет тарапынан қызығушылық төмендігі, федерация жұмысының әлсіздігі және жергілікті промоутерлік компаниялардың тәжірибесіздігі.

– Жақында Жәнібек Әлімханұлы титулды айқасын өткізеді. Оның Винченцо Гуальтиериге қарсы жекпе-жегіне қандай болжам айтасыз?

– Шынымды айтсам, мен оның қарсыласымен онша таныс емеспін. Оның жекпе-жектерін көрмегенмін. Бірақ бұл кездесуде Жәнібек жеңеді деп ойлаймын.

- Алдағы жылдардағы мақсаттарыңыз қандай? Титулдық жекпе-жекке шығу мүмкіндігіңіз қаншалықты?

– Бір-екі жекпе-жектен кейін титулдық жекпе-жектерге шығуға мүмкіндік бар. Тек оған дайын болу керек. Құдай қаласа, алдағы айқаста жеңіске жетсем, рейтингте көтерілемін. Ал ол жерде кез келген сәтте титул үшін жұдырықтасу туралы ұсыныс болуы мүмкін. Белбеу үшін жекпе-жек алыс емес деп айта аламын.

Еске салайық, 20 қыркүйекте Плант-Ситиде (Флорида, АҚШ) Батыр Жүкембаев аргентиналық Уго Альберто Ролданға қарсы жекпе-жек өткізеді.