Халықаралық теннис федерациясы (ITF) 18 және одан кіші жас санатында жаңартылған әлемдік жасөспірімдер рейтингін жариялады, деп хабарлайды Prosports.kz сайты ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап.

«17 жастағы Даниал Рахматуллаев бірден 86 пунктке көтеріліп, қазір 178-орында тұр. Бұл – қазіргі уақытта қазақстандықтар арасында ең үздік нәтиже. Қазақстандық спортшылар арасында Ерасыл Ердильда 194-орында орналасқан. Амир Омарханов -204-ші, Виталий Запцепин 222-ші, Ильяс Маратулы 269-шы, Данир Калдыбеков 397-ші, Жакас Козбак 471-ші, Зангар Нурланулы 568-ші орында», - деп мәлім етті Маңғыстау облыстық Спорт басқармасының баспасөз қызметінен.

Айта кетсек, осы жылы шілде айында Иранның астанасы Тегеран қаласында Даниал Рахматуллаев екінші рет қатарынан ITF Juniors сериясындағы теннис турнирінде жеңіске жетті.

Даниал Ақтау – қалалық теннис бойынша балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің спортшысы. Жаттықтырушысы – Берекет Жәнібеков.