Елорда іргесіндегі «Қазанат» атшабарында Ұлттық спорт түрлерінен VI фестивал басталды, деп хабарлайды Prosports.kz сайты ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап.

Фестивальдің ашылу салтанатына Парламент Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов қатысып, спортшыларға сәттілік тіледі.

Төрт жылда бір өтетін ұлттық спорт додасында өңірлер асық ату, аударыспақ, бәйге, дәстүрлі садақ ату, жамбы ату, жекпе-жек, көкпар, қазақ күресі, құсбегілік, теңге ілу, тоғызқұмалақ спорт түрлері бойынша жарысады.

Фестиваль қорытындысы бойынша ұлттық спортты жоғары деңгейде дамытып отырған өңірлердің үздік үштігі анықталады. Жарыс жеңімпаздары балл бойынша есептеліп, ең көп ұпай жинаған өңірлер жеңіс тұғырына көтеріледі.

Фестивальге еліміздің барлық өңірінен 11 спорт түрі бойынша 1362 спортшы қатысуға өтінім берген.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, фестивальдің бағдарламасына биыл «дәстүрлі садақ ату» (жерде тұрып садақ ату) спорты тұңғыш рет қосылып отыр. Сонымен қатар, көкпардағы жекпе-жек аттардың жеке жарысы көрсетілім (показательный) ретінде енбек.

Жарыс Туризм және спорт министрлігі, Астана қаласының әкімдігі, ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы, Ұлттық спорт түрлері федерациялары, «Самрұқ-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ, «Туризм және спортты қолдау қорының» мұрындық болуымен өтіп жатыр.

Ұлттық спорттың жанкүйерлері фестивальді 4-10 күндері мына мекенжайларда тамашалай алады: қазақ күресі - Ж.Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайы, асық ату мен тоғызқұмалақ - «Qazaqstan» ЖАСК, жекпе-жек - «Аспан» спорт кешені. Ал, көкпар, бәйге, теңге ілу, жамбы ату, аударыспақ, дәстүрлі садақ ату, құсбегілік спорттары «Қазанат» ипподромында өтеді.

Жарыс бағдарламасындағы көкпар, қазақ күресі тікелей, қалған спорт түрлері бойынша арнайы репортаждар Qazsport телеарнасынан көрсетіледі.