WBO тұжырымы бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы кіші Крис Юбенк жекпе-жекке Геннадий Головкинді шақырғанына қатысты пікірін білдірді.

«Оған Головкиннің керегі қанша? Неге менің атымды атамайтынын білесіз бе? Өйткені мен оның түсіндегі қорқынышымын. Орта салмақта тек бір ғана патша бар! Ол мен!» - деді ол.

Жәнібек Әлімханұлы келесі айқасын Винченцо Гуальтиериге қарсы өткізеді. Қос чемпион арасындағы айқас 14 қазанда Розенбергтегі Fort Bend Epicenter аренасында, Хьюстон маңында (Техас штаты) өтеді.

Неміс боксшысы Винченцо Гуальтиери (21-0-1, 7 КО) - IBF чемпионы. Ол осыған дейін шілде айында бразилиялық Эскива Фалькаоны жеңіп, чемпион атанған.

Ал Әлімханұлы соңғы рет мамырда чемпиондық белбеуін Стоктонда (Калифорния, АҚШ) қорғады, ол кезде канадалық Стивен Батлерді (32-4-1, 26 КО) екінші раундта нокаутпен жеңді.