Танымал қазақстандық файтер, бұрын UFC-де өнер көрсеткен Жалғас Жұмағұлов Prosports.kz тілшісіне елімізде ММА трансляцияларын таратуға шектеулер қойылу ықтималдығы туралы пікір білдірді.

– Не айтайын. Біріншіден, бәріміз өз тарихымызды және ата-бабаларымыз жауынгер болғанын білеміз. Біз төбелескенді жақсы көреміз және ол қанымызда бар. ММА-да жекпе-жек өнерінің барлық түрі біріктірілген, сондықтан мен қоғам үшін тек үлкен пайда көремін, өйткені спорт кез келген жағдайда адамды тәрбиелейді және тәртіпке әкеледі. Аралас жекпе-жек туралы неге бұлай айтатынын білмеймін. Аралас жекпе-жек спорты қазір қарқынды дамып, футболдан кейінгі екінші спортқа айналғаны себеп шығар. Шынымды айтсам, өзім де таңғалдым, себебі біз жастарға үлгі болуға тырысып, салауатты өмір салтын ұстанамыз, саясатқа араласпаймыз, – деді танымал спортшы

Еске салайық, осы аптада Қазақстан ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі елімізде ММА трансляциясына шектеу қойылатынын айтқан. Шенеуніктің сөзінше, бұған балалар мен жасөспірімдер арасында зорлық-зомбылық көбейгені себеп.