Қазақстанда WTT Contender Almaty үстел теннисінен беделді халықаралық турнир өтеді.

Ойындар 29 тамыз бен 3 қыркүйек аралығында Алматы ADD Ustel Tennis Ortalygy орталығында өтеді. Медаль үшін күреске әлемнің 33 елінен 150-ден астам спортшы қатысады. Айта кетейік, Қазақстан жыл сайын жүлде қоры 75 мың долларды құрайтын Contender сериясының әлемдік деңгейдегі рейтингтік турнирін өткізеді.

Турнирге әлемдік үстел теннисінің атақты жұлдыздары қатысады, олардың қатарында Олимпиада ойындарының бірнеше дүркін жүлдегері және әлем Кубогының жеңімпазы Дмитрий Овчаров (Германия), әлем чемпионатының күміс жүлдегері Трулс Морегард (Швеция), Еуропа ойындарының қола жүлдегері Алексис Лебрун (Франция), WTT Contender сериясының бірнеше дүркін чемпионы Рувен Филус (Германия), Еуропаның ТОП-16 жеңімпазы Дарко Йордич (Словения), Африканың бірнеше дүркін чемпионы Квадри Аруна (Нигерия), Еуропаның екі дүркін чемпионы Маркус Фрейтас (Португалия), әлем чемпионатының қола жүлдегері Лиам Питчфорд (Англия), Еуропа ойындарының чемпионы Тьяго Аполлонья (Португалия), ерлер арасындағы жұптық әлем чемпионы Чуан Чи-Юань (Тайбэй) және Еуропа чемпионаттарының бірнеше дүркін жеңімпаздары Бернадетт Сёч пен Элизабет Самара (Румыния).