ПСЖ мен Бразилия құрамасының шабуылдаушы жартылай қорғаушысы Неймар «Барселонаға» оралғысы келеді, деп хабарлайды Prosports.kz.

Париждік клубтың басшылығы ойыншыны босатуға келісіп отыр.

Sport.es мәліметінше, бразилиялық ойыншыны Сауд Арабиясының клубы сатып алып, «Барселонаға» жалға беруі мүмкін. Трансфер сомасы 100 миллион еуро құрайды. Ал Неймар төрт жылдық келісімшартқа қол қояды және келесі маусымды «Барселона» сапында жалға ойнайды. «Барселона» болса, Неймардың жалақысын толық төлейді (12 миллион еуро).

31 жастағы бразилиялық ойыншы каталониялық клуб сапында 2013-2017 жылдар аралығында өнер көрсеткен. Осы уақыт ішінде ол 186 матч өткізіп, 105 гол соғып, 76 нәтижелі пас берді. Неймар ПСЖ сапында 2017 жылдан бері ойнап келеді (173 ойын, 118 гол және 77 нәтижелі пас).