Елордалық «Барыс» шайбалы хоккейден «TANECO Кубогы» турниріндегі алғашқы ойынын Ресейдің «Локомотив» (Ярославль) командасына қарсы өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ресейдің Қазан қаласында (Татарстан) өтіп жатқан турнирдің алғашқы кездесуінде қазақстандық команда Ресейдің «Локомотив» (Ярославль) клубымен кездесті.

Ойынның 5-минутында «Барыс» сапынан Райлл Барбер есеп ашып кетті. Бұл – командаға биыл қосылған АҚШ хоккейшісінің алғашқы голы.

Екінші кезеңде «Локомотив» ойыншылары таразы басын теңестіруге ұмтылды. Нәтижесінде Ярослав Лихачёв 32-минутта көздеген нысанадан мүлт кеткен жоқ.

Үшінші кезеңде ресейлік клубтан Алексей Кожевников 41-минутта өз командасын алға шығарды.

Осылайша «Барыс» қарсыласына 1:2 есебімен есе жіберді.

Енді елордалық клуб 11 тамызда «Трактор» (Челябі), 13 тамызда «Ак Барс» (Қазан) клубымен шеберлік байқасады.

Ал 14 тамызда 3-орын үшін сайыс және финал болады.