«Қайрат» қорғаушысы «Ақтөбемен» өткен ойын (2:4), алматылық жанкүйерлердің қолдауы мен келесі ойындарға деген дайындығы туралы айтты.

– Егор, кешегі ойын туралы не айта аласың?

– Ойында көп гол соғылды. Матч өте қарқынды өтті. Біз гол жіберіп алған кезде қарапайым қате жібердік, сонымен қатар өз мүмкіндіктерімізді пайдалана алмадық. Нәтижеге көңіліміз толмайды.

– Алаңға екінші таймда шықтың. Бапкер штабынан қандай нұсқау алдың?

– Бапкер құрамымен көп сөйлесе алмадым, бәрі тез болып кетті. Ойын тоқтап, Еркебұлан екеуміз бірден алаңға шықтық. Мақсат – қорғаныста сақ ойнау, сонымен қатар шабуылға көбірек қосылу болды, өйткені біз матчта жеңіліп жатқандықтан, бізге қайта гол соғу керек еді.

– Алматыдан келген жанкүйерлеріміз туралы не айта аласың?

– Жанкүйерлерімізге алғыс айтқым келеді. Олар шынымен де ұзақ жол жүріп, стадионға келіп, матч бойы бізді қолдады. Оларды стадионда көріп, қолдауын есту бүкіл команда үшін маңызды болды. Бүкіл команда атынан оларға рақмет айтамын. Осы сәтті пайдалана отырып, барша жанкүйерлерді 13 тамызда өтетін «Тобылға» қарсы өз алаңымыздағы келесі кездесуге шақырамын. Бізге қолдауларыңыз қажет!

– «Тобыл», «Ордабасы» және «Астанамен» өтетін келесі матчтарға команданың дайындығы қандай?

– Команданың дайындығы үнемі мықты. Біз әр кездесуде жеңіске жеткіміз келеді. Менің ойымша, мұндай матчтарға ешкімді жігерлендіріп, дайындаудың қажеті жоқ. Бұл ойындарда барынша көп ұпай жинауға тырысамыз.