Бүгін Ньондағы (Швейцария) Еуропа футбол үйінде УЕФА Еуропа лигасы іріктеу турнирінің плей-офф кезеңіне арналған жеребе тарту рәсімі өтті, деп хабарлайды Prosports.kz.

Турнирге Қазақстан атынан «Астана» қатысады. Елордалық клуб үшінші іріктеу кезеңінде болгариялық «Лудогорецпен» кездеседі.

Бұл жұпта жеңіске жеткен жағдайда «Астана» Голландиялық «Аякспен» ойнайды.

«Астана» — «Лудогорец» кездесуі 8 тамыз күні жергілікті уақыт бойынша сағат 20:00-ге жоспарланған. Қарымта ойын 18 тамызда Разградта (Болгария) өтеді.

Айта кетейік, «Астана» жарыс жолын УЕФА Чемпиондар лигасынан бастаған. Елордалық ойыншылар екінші іріктеу кезеңінде Загребтің «Динамосынан» ұтылып (жалпы есепте 0:6), Чемпиондар лигасынан шығып қалды.