UEFA Конференция лигасы екінші іріктеу сатысында Шымкенттің «Ордабасы» клубы Польшаның «Легия» командасымен кездесті.

Ойын басынан командалар бірден шабуылға көшті. Тізгінді польшалық футболшылар өз қолына алуға тырысты.

Ойынның 18-минутында «Легия» футболшысы Павел Вшолек қазақстандық команда қорғанысындағы өрескел қателікті пайдаланып, «Ордабасы» қақпашысымен бетпе-бет шықты. Бұл мүмкіндікті мүлт жібермеген ол қақпаны дәл көздеді.

Ал 42-минутта польшалық командадан Юрий Рибейро басымдықты арттырды.

Оған 57-минутта шымкенттік клубтан Всеволод Садовский бір голмен жауап қайырса, 71-минутта Томаш Пекхарт «Легияны» жеңіске жақындатты. Бұдан кейін «Ордабасы» ойыншысы Сергей Малый гол соққанмен, бұл есепті теңестіруге жеткіліксіз болды.

Осылайша шымкенттік команда қарсыласынан 2:3 жеңіліп қалды.

Айта кетсек, екі команда арасындағы алғашқы кездесу 2:2 есебімен тең аяқталды.

Екі ойынның қорытындысымен «Легия» жарыстың үшінші сатысына шықты.