Фарер аралдарының «Клаксвик» футбол клубы Чемпиондар лигасы екінші іріктеу кезеңінің қарымта ойынында швециялық «Хеккенді» пенальти сериясында ұтты, деп хабарлайды Prosports.kz.

Кездесу Гетеборгта өтті.

Матчтың негізгі және қосымша уақыты 3:3 есебімен аяқталды. Ал пенальти сериясында фарерлік команда жеңіске жетті – 4:3. Бірінші кездесу 0:0 есебімен аяқталған.

«Клаксвик» Еурокубоктың топтық кезеңіне жолдама алды. Егер команда Чемпиондар лигасының үшінші іріктеу кезеңінде жеңілсе, Еуропа лигасына іріктеу турнирінің плей-офф кезеңінде бақ сынайды. Бұл кезеңде жеңіліс тапса, «Клаксвик» Конференция лигасының топтық кезеңіне түседі.

Осылайша, «Клаксвик» еурокубоктың топтық кезеңінде өнер көрсететін алғашқы Фарер аралдарының командасы атанып отыр.

Чемпиондар лигасының үшінші іріктеу кезеңінде «Клаксвик» норвегиялық «Мольдемен» кездеседі, ойындар 8/9 тамызда және 15 тамызда өтеді. Бірінші іріктеу кезеңінде «Клаксвик» венгриялық «Ференцварошты» жеңді (0:0, 3:0).