Бүгін футболдан премьер-лига командалары арасындағы ел біріншілігінің 16-турында «Ордабасы» турнир кестесінде көш басына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шымкенттік клуб өз алаңында Петропавлдың «Қызылжарын» 2:1 есебімен сүріндірді.

Кездесу барысында петропавлдық клубтан Максим Чиканчи 24-минутта есеп ашты. Оған екінші кезеңде «Ордабасы» сапынан Асхат Тағыберген 59, Еркебұлан Тұңғышбаев 92-минутта екі голмен жауап қайырды.

Осылайша «Ордабасы» турнир кестесінде 42 ұпаймен бірінші орынға көтерілді. Нәтижесінде елордалық «Астанадан» үш ұпайға ұзап кетті.