«Қайрат» шабуылшысы Байжан Мәделхан Премьер-лиганың 15-туры аясындағы «Оқжетпеске» қарсы матч (1:0) туралы ойын айтты, деп жазады Prosports.kz сайты алматылық клубтың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

– Байжан, жеңіс құтты болсын! Ойын туралы пікіріңді айтсаң.

– Көп рақмет! Жеңгенімізге қуаныштымын, бірақ одан да ірі есеппен жеңуге болатын еді. Шабуылда мүмкіндігіміз көп болды, өкінішке қарай, оларды қолдана алмадық.

– Бапкерлер штабы алаңға шықпас бұрын саған не деді?

– Алаңға шығып, бар күшіңді салып, командаластарыңа көмектес деді.

– Бұл матч сен үшін маңызды болды ма? Сен Көкшетауда дүниеге келдің ғой.

– Мен үшін «Оқжетпеске» қарсы ойнау маңызды болды, өйткені мен Көкшетау тумасымын. Балалық шағым да сол қалада өтті. Бірақ бірінші кезекте, мен – «Қайрат» түлегімін. Жеңгенімізге өте қуаныштымын.

– Негізгі команда сапындағы бірінші ойыныңда қандай әсер алдың? Дебюттік ойыныңды қалай бағалайсың?

– Тек жақсы әсер алдым. Мен бұған өте ұзақ жол жүрдім. Ақырында дебют жасағаныма өте қуаныштымын. Ойынымды бағалайтын мен емес, бапкерлер бағаласын. Жалпы, алаңға шығып, жеңіске жеткенімізге қуаныштымын.

– Сен шабуыл шепінде ойнайсың. Саған қай позицияда ойнаған ыңғайлы?

– Бапкер қай жерде ойна дейді, сонда ойнаған ыңғайлы. Еш айырмашылығы жоқ. Қай жерде пайдам тиеді, сонда ойнаймын.