Венгрия астанасы Будапешт қаласында өтіп жатқан күрес түрлерінен рейтингтік турнирде еркін күрестен Нұрқожа Қайпанов (74 келі) күміс медаль алды.

Жарыс барысында Нұрқожа Қайпанов финалда венгриялық Мурад Курамагомедовпен шеберлік байқасты. Кездесу барысында ол қарсыласына есе жіберіп, күміс жүлдені қанағат тұтты.

«Жылына төрт рейтингілік турнир бекітілген. Қазірге дейін мұндай жарыстар Хорватия, Египет, Қырғызстанда өткізілді. Енді төртіншісі Венгрияда жалауын көтерді. Балуандар рейтингілік турнирлерде ұпай жинайды. Нәтижесінде қыркүйек айында Сербияда болатын әлем чемпионатында көп ұпай жинаған балуандар жартылай финал немесе финалға дейін бір-бірімен кездеспейді», - деді Қазақстан Күрес федерациясы баспасөз қызметінің жетекшісі Аспандияр Есенжолов.

Cонымен қатар ел құрамасынан рейтингтік турнирде Ризабек Айтмұхан (92 келі) мен Әлішер Ерғали (97 келі) қола жүлде алды.

Турнир 13-17 шілде аралығында өтеді.