Қазақстанның екінші, әлемнің 56-ракеткасы Юлия Путинцева Бастад (Швеция) челленджер турнирінің жартылай финалына жолдама алды, деп хабарлайды Prosports.kz тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Жарыстың 2-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші ширек финалда дүниежүзілік рейтингте 118-орында тұрған испаниялық Алена Большовамен кездесті.

Бірінші партияда испаниялық спортшы басым түсті – 6:2. Екіншісінде Юлия тай-брейкте есе қайырды – 7:6 (7:2).

Үшінші, шешуші сетте Ю.Путинцева бастапқыда жеңіліп жатып, таразы басын өзіне аудара білді – 6:4.

Екі сағат 50 минутқа созылған тартысты бәсеке барысында қазақстандық теннисші 18 брейк-пойнттың бесеуін пайдаланды. Қарсыласы 6 брейкпен (10 брейк-пойнт) дараланды.

Юлия Путинцева финалға шығу үшін әлемнің 94-ракеткасы, сербиялық Ольга Данилович немесе рейтингте одан бес саты төмен тұрған болгариялық Виктория Томованың біреуімен таласады.