Қазақстан конькишілер одағы ресейліктер Елизавета Голубева мен Кристина Силаеваның Қазақстан азаматтығын алуы туралы толық мәлімет берді, деп хабарлайды Prosports.kz.

«Елизавета Голубева - жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионы, Еуропа чемпионы, алтыдүркін әлем чемпионатының жүлдегері.Кристина Силаева - жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатының және әлем Кубогы финалының жүлдегері, бірнеше дүркін Ресей чемпионы.Соңғы жарты жылдың ішінде біздің ұйым Ресей спортшыларының Қазақстанға ауысуы жайында оншақты ұсыныс алды. Біз ол спортшыларды бақылап, олардың нәтижелеріне, тәжірибесіне көз жүгірте отырып, біраз ұсыныстан бас тартуды жөн көрдік. Ал жоғарыда аталған екі спортшы коньки спортының үздіктерінің қатарында болғандықтан, екеуінің де біздің құрама командаға, жас спортшыларымызға берер тәжірибесі мол деген сенім білдірдік. Дегенмен, бұл спортшылар елімізге келген кезде Қазақстан Респубикасының чемпионатына қатысып, әлі де өз күштерін дәлелдеулері қажет болады.Жаңа спортшылар мен жаттықтырушылардың келуі қазақ спортшыларының мүмкіндіктерін еш шектемейді, олардың жарыстарға қатысуына, жаттығу жиындарына баруына бөгет жасамайды. Командада да, жарыстарда да орын жеткілікті, барлық спортшылардың мүмкіндіктері тең.Қаржы жағын талқылайтын болсақ, біздің спорт түрінде шетелдік легионерлерге ерекше көзқарас жоқ. Ауысып келген спортшыларға бөлек ереже де, бөлек бюджет те қарастырылмаған. Құрама командаға енген спортшыларға бірдей жалақы тағайындалады. Яғни, жаңа спортшылар біздің құрамамен бірге дайындалып, оқу-жаттығу жиындарына бірге қатысып, бірдей деңгейде жұмыс істейді. Оларды бөлек мұз айдындарында дайындау біздің жоспарларымызға кірмейді. Барлық спортшылар тең, бұл біздің ұйымның басты принциптерінің бірі», - делінген ресми хабарламада.