Елордалық «Барыс» командасының Ресейдің Қазан қаласында өтетін TANECO Кубогындағы ойын кестесі белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Татарстан астанасында 10-14 тамыз аралығында болатын турнирде қазақстандық клубтан өзге жергілікті «Ак Барс», «Локомотив» (Ярославль), «Трактор» (Челябинск) командалары ойнайды.

Әрбір команда топтық кезеңде үш және турнирдегі қорытынды орындарды анықтау үшін бір қосымша ойын өткізеді.

«Барыс» хоккейшілері алдымен 10 тамызда 16:00-де «Локомотивпен» шеберлік байқасса, 11 тамыздағы кезекті кездесуін 16:00-де «Тракторға» қарсы өткізеді.

Ал, 13 тамызда 20:00-де «Ак Барс» командасымен ойнайды.

14 тамызда 16:00-де 3-орын үшін кездесу белгіленсе, 22:00-де финалдық ойын жоспарланған.