Қазақстанның бірінші, әлемнің 26-ракеткасы Александр Бублик Уимблдон турнирінің екінші айналымына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Осыған дейін Галле (Германия) ATP 500 турнирінде чемпион атанған қазақстандық теннисші Уимблдонда 23-ракетка болып тіркелді.

А.Бублик алғашқы айналымда дүниежүзілік рейтингте 54-орында тұрған америкалық Маккензи Макдональдпен бақ сынасты.

Бірінші партияда тай-брейкте америкалық спортшы сәтті ойнады – 7:6 (7:3).

Екіншісінде есеп 4:4 болған мезетте Бублик брейк жасап, сосын өз геймін алды – 6:4.

Үшінші сетте қазақстандық теннисші доп берген кезде қателікке бой алдырып, қарсыласының брейк жасауына жол беріп қойды – 0:2. Дегенмен таразы басын теңестіре алды – 4:4. Содан кейін тағы бір брейкке қол жеткізіп, партияны өз пайдасына шешті – 6:4.

Төртінші партияда брейк жасаған қазақстандық спортшы 3:1 есебімен алға кетті. Ақыры матчты жеңіспен түйіндеді – 6:4.

Екі сағат 49 минутқа созылған тартысты бәсеке барысында А.Бублик 24 эйс жасап, 11 брейк-пойнттың төртеуін пайдаланды. М.Макдональд 6 эйс, 1 брейкпен (4 брейк-пойнт) көзге түсті.