«Тобыл» қорғаушысы Альберт Габараев Қазақстан чемпионатының 14-туры аясында өткен «Атырауға» қарсы матч туралы ойын айтты, деп хабарлайды Prosports.kz.

Бұл туралы қостанайлық клубтың баспасөз қызметі жазды.

– Ең алдымен, команда мен жанкүйерді өте маңызды және эмоционалды жеңіспен құттықтағым келеді. «Атырау» – өте жинақы, жүйелі команда, олар қорғаныста өте ұйымшыл және қарсы шабуылдарда жақсы ойнайды, бірақ тұтастай алғанда біз оларға төтеп бердік. Бірінші таймда ойлағанымыз іске аспады, қажетсіз қателіктер болып, соңғы пас беруде асығып жаттық. Бірақ соған қарамастан гол соғу үшін жеткілікті мүмкіндік болды.

Екінші таймда ойынды бақылауға алдық, сонымен қатар бір ойыншысы алаңнан қуылған соң қарсылас «жата-жастана» қорғанды, бірақ біз өз сәтімізді тауып, гол соқтық. Жеңісті лайықты деп санаймын, сонымен қатар соңына дейін ойнаған үшін атыраулықтарға алғысымды айтқым келеді.

Жалпы алғанда, бұл біз үшін қысқа уақыт ішіндегі үшінші ойын болғанын ескерсек, оңайға түскен жоқ.

Біздің жанкүйерге алғыс айтқым келеді, олар стадионда керемет атмосфера жасады. Олардың қолдауы мен ықыласын сезінеміз, әр матчта қолдауы өте маңызды және біз оны бағалаймыз.

Айта кетейік, кездесудің 95-минутында Жаслан Жұмашев соққан жалғыз голдың арқасында «Тобыл» 1:0 есебімен жеңіске жетті.