Жуырда Лионель Месси және Серхио Бускетспен келісімшартқа отырған MLS клубы «Интер Майами» жаңа бас бапкер Херардо Мартиноны таныстырды, деп хабарлайды Prosports.kz.

«Қош келдің, Тата!

MLS-те жылдың үздік жаттықтырушысы атанған, сонымен қатар «Барселонада», Аргентина мен Мексика құрамасында жұмыс істеген маман бізге қосылып жатыр », - деп жазды клубтың баспасөз қызметі Twitter парақшасында.

60 жастағы Мартино бапкерлік мансабында Аргентина және Парагвай клубтарында жұмыс істеді (екі елдің де чемпионатын жеңіп алды). «Барселонамен» бірге 2013 жылы Испания суперкубогын жеңіп алды, «Атланта Юнайтед» тізгінін ұстаған кезде 2018 жылы MLS чемпионы атанып, жылдың үздік бапкері атағына ие болды.

Мартино ұлттық құрамаларда да біршама жетістікке жетті - Аргентинамен екі рет Америка кубогында күміс жүлде (2015, 2016) алса, Мексика құрамасын КОНКАКАФ жеңімпазы (2019) атағына жеткізді.