Бахрейн ұлттық құрамасында өнер көрсететін қазақ боксшысы Азат Махметов азаматтығын ауыстырудың жай-жапсарын айтты, деп хабарлайды Prosports.kz.

Қазақстандық боксшының айтуынша, ол ұзақ уақыт бойы ұлттық құрама сапында болғанымен, бірінші нөмір бола алмаған. Азат арманын орындау үшін Бахрейнге көшуді жөн санайды.

«Мен Қазақстан құрамасына 2012 жылы Ілияс Сүлейменовпен финалдық жекпе-жектен кейін түстім. Ол кезде Ілияс топ-боксшы болды, командада №1 саналды. Финалда одан жеңіліп қалдым. Одан кейін ұлттық құрама сапында талай турнирлерде жүлделі орындарға ие болдым.

2021 жылы Токио Олимпиадасының алдында мен мансабымды аяқтайтын кез келді деп ойладым. Ол кезде Серік Бибосынов командадағы бірінші нөмір саналған. Ал мен нұсқаларды шетелден іздеуді жөн көрдім. Ағам Айдар Махметовтен көмек сұрадым.

Олимпиада ойындарына бару үлкен мақсат еді. Токиодағы жазғы ойындарды қарастырды. Содан кейін ағамыз Бахрейн Корольдігімен сөйлесті. Олар маған билет алып кететін болды. Бірақ лицензиялық турнир карантинге байланысты өтпейтін болды.

Олимпиададан кейін бір жыл өткенде, олардың өздері келуімді өтінді. Мен карьерамды аяқтап, бір жылға жуық жаттыққан жоқ едім. Біз Бахрейнге билеттер сатып алдық. Мен сонда ұштым, жаттықтым, спарринг өткіздім. Нәтижесінде біз олармен келісімшартқа отырдық», - деді Махметов Qazaq Ring Youtube арнасына берген сұхбатында.