Қазақстандық файтер Жалғас Жұмағұлов Джексонвиллде (АҚШ) UFC on ABC 5 турнирінде америкалық Джошуа Ваннан жеңіліп қалғаннан кейін мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Prosports.kz.

Аса жеңіл салмақта үш раундқа жоспарланған жекпе-жек америкалық файтердің жеңісімен аяқталды.

«Ассалаумағалейкүм! Бәріне сәлем! Жағдайым жақсы. Бәріңіз де көрдіңіздер. Ешқандай сылтау іздемеймін. Жеңілдім, қолдан келгеннің бәрін жасадым, соңына дейін күрестім. UFC файтері ретіндегі карьерам сәтсіз болған шығар, бірақ мен әрқашан соңына дейін күрестім, берілмедім. Мен көшенің қарапайым баласымын. Осындай жоғары нәтижеге қол жеткіздім, өйткені мен UFC-де төбелестім. Айтайын дегенім: өмірде бәрі мүмкін – ешкімді тыңдама, ешқашан берілме, мақсатыңа жет. Арманың болса, соған жете бер. Жағдайым жақсы. Жарақатым көп — бәрін емдеу қажет. Лагерім қиын, ұзақ, 5 айға созылғанын бәрі біледі... Кез келген кәсіпқой файтер бұл - бес ай бойы жаттығу жасап, өз бабыңды ұстап тұру қиын екенін айтады. Осы уақыт ішінде үш рет салмақ қудым, бес қарсылас алмастырдым. Бірде бойы ұзын файтерге, бірде кішкентай, кейін қайтадан ұзын файтерге дайындалдым... Соның бәрі күйзеліс... Бірақ мен сылтау іздемеймін. Көбі жекпе-жектен бас тарту керек деп жазды, бірақ мен ондай емеспін. Шықтым да төбелестім, басқа не айтуға болады. Маған жанкүйер болғандарға рақмет. Жаман сөздер жазып жатқан хейтерлер, мұны маған тікелей айта алмайсыңдар, қорқасыңдар. Енді емделемін, бабыма келемін, кейін не боларын... Тағы төбелесемін бе, карьерамды аяқтаймын ба - көре жатармыз... Әзірше ештеңе айтқым келмейді. Бәріңді құшақтадым», - деді Жұмағұлов.

Еске салайық, Жұмағұлов америкалық Нейт Мэнесспен күш сынасуы керек еді, бірақ ол жарақат алып, оның орнына бразилиялық Рафаэль Эстевам болды. Алайда ол салмақ қуа алмай, жекпе-жек өтпей қалған.

17 маусымда Жалғас Лас-Вегаста UFC on ESPN 47 турнирі аясында бразилиялық Фелипе Бунеспен кездесуді жоспарлаған, бірақ қарсыласы жарақатына байланысты жекпе-жектен бас тартқан. Нәтижесінде қазақстандық спортшының қарсыласы Ван болды.