Қазақстанның бірінші, әлемнің 48-ракеткасы Александр Бублик Галле (Германия) ATP 500 турнирінің жеңімпазы атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстандық теннисші финалда әлемнің 7-ракеткасы, ресейлік Андрей Рублевпен бас жүлдені сарапқа салды.

Осыған дейін А. Бублик жеті рет ATP жарыстарының финалына шығып, соның біреуінде ғана, өткен жылы Монпельеде жеңімпаз атанған еді. Оған қоса, ATP 500 деңгейінде финалға алғаш рет өтіп отыр.

Матчты брейкпен сәтті бастаған қазақстандық теннисші бірінші сетте сол басымдылығын сақтап қалды – 6:3.

Екінші партияда есеп 3:2 болған мезетте ресейлік спортшы брейк жасап кетті – 6:3.

Үшінші, шешуші сетті А.Бублик брейкпен бастады – 2:0. Ақыры матчқа доп бергенде, өз мүмкіндігін жіберген жоқ – 6:3.