«Ордабасы» ФК бас бапкері Александр Седнев УЕФА Конференция лигасы іріктеу кезеңі жеребесінің қорытындысы туралы пікірін білдірді.

Екінші іріктеу кезеңінде біздің команда Польшаның «Легия» ұжымымен кездеседі.

– Жеребе кімді қарсылас етті, сол командамен ойнаймыз. Жеребе қорытындысына бір қалыпты қараймыз. Қарсыласымыз - тарихы терең клуб. Мықты команда, еурододағы тәжірибесі мол. Бір жағынан осындай мықты қарсылас түскені жақсы болды. Өйткені кез келген команда мықты қарсыласпен ойнауды қалайды. Өзімізді, күшімізді тексеруге мүмкіндік. Дегенмен біз келесі кезеңге өтуді мақсат етеміз және қолдан келгеннің бәрін жасаймыз.

Әзірге «Легияға» қарсы матчқа дейін өзіміздің чемпионат пен кубокта ойындарымыз бар. Ол уақытқа дейін көп нәрсе өзгеруі мүмкін. Оның ішінде, команда құрамы да өзгеретін шығар. «Легияның» да құрамы өзгеруі мүмкін. Сол себепті бұл матч туралы айту әлі ерте. Дегенмен матчқа дейін нағыз бабымызға келіп, дайын боламыз деген үміттемін.

Варшавада жанкүйерлердің қолдауы өте мықты екенін білеміз. Дегенмен біздің де жанкүйерлердің қолдауы керемет, қарсылас командаға қиын болады.