Шымкенттік «Ордабасының» бас бапкері Александр Седнев УЕФА Конференция лигасы екінші іріктеу кезеңіндегі қарсыласы туралы пікірін білдірді, деп хабарлайды Prosports.kz тілшісі клуб баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Ордабасының» қарсыласы польшалық «Легия» болады.

– Жеребе кімді қарсылас етті, сол командамен ойнаймыз. Жеребе қорытындысына бір қалыпты қараймыз. Қарсыласымыз - тарихы терең клуб. Мықты команда, еурододағы тәжірибесі мол. Бір жағынан осындай мықты қарсылас түскені жақсы болды. Өйткені кез келген команда мықты қарсыласпен ойнауды қалайды. Өзімізді, күшімізді тексеруге мүмкіндік. Дегенмен біз келесі кезеңге өтуді мақсат етеміз және қолдан келгеннің бәрін жасаймыз.Әзірге «Легияға» қарсы матчқа дейін өзіміздің чемпионат пен кубокта ойындарымыз бар. Ол уақытқа дейін көп нәрсе өзгеруі мүмкін. Оның ішінде, команда құрамы да өзгеретін шығар. «Легияның» да құрамы өзгеруі мүмкін. Сол себепті бұл матч туралы айту әлі ерте. Дегенмен матчқа дейін нағыз бабымызға келіп, дайын боламыз деген үміттемін. Варшавада жанкүйерлердің қолдауы өте мықты екенін білеміз. Дегенмен біздің де жанкүйерлердің қолдауы керемет, қарсылас командаға қиын болады, - деді бас бапкер.