Қостанайлық «Тобылдың» бас бапкері Милич Чурчич Prosports.kz тілшісіне берген сұхбатында УЕФА Конференция лигасы іріктеу кезеңінің жеребесі жайында ойын айтты.

- Жеребе нәтижесі жайында әсеріңізді айтсаңыз.

- Меніңше, «Хонка» - бірінші кезең үшін мықты қарсылас. Қарсыласты сараптап, бірінші ойынға дайындықты бастап кеттік.

- «Хонка» - жас команда. «Тобылдың» тәжірибе жағынан басымдығы болады деп ойлайсыз ба?

- «Хонка» - жастық пен тәжірибе қосындысы. Командада 12 легионер ойнайды, бәрі сапалы. Басымдық біздің командада болады деп үміттенемін.

- «Тобылдың» жеребедегі 5 ықтимал қарсыластары ішінде бапкерлік штаб кіммен кездескісі келді?

- Қарсылас командаға қатысты әр бапкердің өз қалауы болды. Меніңше, оңайырақ нұсқалар болды, бірақ кез келген қарсыласпен ойнауға дайын болуымыз қажет. Екінші кезеңге өтеміз деп ойлаймыз!